23 қазан 2026
Жаңартылған топтамаға автокөлік жүргізушілерінің негізгі маусымдық қажеттіліктерін өтейтін үш шина моделі кірді: Attar Sunborn жазғы шиналары, Attar Snowborn қысқы фрикциялық, яғни шегесіз шиналары және Attar Iceborn қысқы шегелі шиналары. Барлық шиналар қолжетімді баға сегментіне жатады.
Attar шиналарының жаңа модельдерінің атауларын «born» сөзі біріктіреді. Бұл сөз брендтің шығу тегі мен тарихын білдіреді. Атаулардың халықаралық нарықта оңай оқылуы брендтің экспорттық әлеуетін арттыруға да ықпал етеді. Сонымен қатар бұл сөз Attar брендінің жаңғыру идеясын жеткізеді: Sunborn, Snowborn, Iceborn — күннен, қардан және мұздан туған.
«Attar шиналарының жаңа топтамасын іске қосу — брендтің өнімдер портфелін дамытудағы маңызды кезең. Біз ассортиментті кеңейтумен қатар, мамандарымыз автокөлік жүргізушілерінің бүгінгі қажеттіліктерін ескере отырып әзірлеген өнімді нарыққа шығарып отырмыз», — деді Андрей Пантюхов.
Attar Sunborn: басқарылу дәлдігі, қауіпсіздік және жайлылық
Attar Sunborn жазғы моделі қауіпсіздік пен жайлылықты бағалайтын жүргізушілерге арналған. Өзара ілінісетін блоктар технологиясы қолданылған ерекше протектор бедері жолмен сенімді жанасуды және басқарылу дәлдігін қамтамасыз етеді. Терең бойлық ойықтардың оңтайландырылған геометриясы мен ашық иық аймағының су ағынына кедергі келтірмейтін пішіндері жолмен жанасу аймағынан суды жылдам шығарып, аквапланинг қаупін азайтады. Резеңке қоспасындағы каучуктер мен белсенділігі жоғары толтырғыштардың үйлесімі шинаның беріктігін және ұзақ қызмет ету мерзімін қамтамасыз етеді. Жартылай жабық сыртқы иық аймағы протектор блоктарының деформациялануына жол бермей, тозуға төзімділікті арттырады және жаңа модельдің жанармайды үнемдеуіне ықпал етеді. Бойлық ойықтардағы шуды бәсеңдететін кертіктер мен сыртқы иық аймағының жартылай жабық құрылымы жоғары жылдамдықта да акустикалық жайлылықты қамтамасыз етеді. Жеңіл автомобильдерге арналған модель қондыру диаметрі 14-тен 19 дюймге дейінгі 24 үлгілік өлшемде, ал жол талғамайтын көліктерге арналған нұсқасы (SUV) қондыру диаметрі 15-тен 20 дюймге дейінгі 19 үлгілік өлшемде сатылымға шығады.
Attar Iceborn: сенімді ілінісу және тиімділік
Attar Iceborn қысқы шегелі шинасы қыстағы күрделі жол жағдайларында да сенімді жүруге арналған. Модель көпқырлы өзекшесі бар шегелермен жабдықталған. Өзекше мұз қабатына тиімді еніп, жолмен сенімді ілінісуді және нық тежеуді қамтамасыз етеді. Шегенің жоғарғы фланецінің қиғаш пішіні шу деңгейін төмендетіп, біркелкі тозуға ықпал етеді.
Құрылымды күшейтілген орталық қыры және тісті иық ойықтары бар симметриялы протектор бедері толықтырады. Бұл ойықтар қалың қарда қосымша ілінісу элементтері ретінде жұмыс істеп, бүйірге сырғуға жол бермейді. Тозуға төзімді резеңке қоспасы шинаның ұзақ жүріс ресурсын қамтамасыз етеді. Модель 46 үлгілік өлшемде ұсынылады: жеңіл автомобильдерге арналған, қондыру диаметрі 19-дан 19 дюймге дейінгі 24 үлгілік өлшем және жол талғамайтын көліктерге (SUV) арналған, қондыру диаметрі 15-тен 20 дюймге дейінгі 22 үлгілік өлшем.
Attar Snowborn: басқарылу дәлдігі, тұрақтылық және тозуға төзімділік
Attar Snowborn қысқы фрикциялық шиналары қыстың түрлі жағдайларында қауіпсіз әрі жайлы көлік жүргізуге арналған. Оңтайландырылған протектор бедерінің арқасында тежеудің жоғары тиімділігі, сенімді маневр жасау және қозғалыс траекториясын тұрақты сақтау қамтамасыз етіледі. Ойықтардың өздігінен тазару технологиясы суды, қарды және қар мен су аралас қойыртпақты тиімді шығарып, аквапланинг пен тайғанау қаупін азайтады. Сатылы жиектер қалың қарда тарту күшін арттырады, ал күшейтілген протектор блоктары деформациялануға жол бермей, үдеу және тежеу кезінде жолмен тұрақты ілінісуді қамтамасыз етеді. Арнайы құрамдағы резеңке қоспасы кең температура аралығында серпімділігін сақтайды, тозуға төзімділігімен ерекшеленеді және ұзақ пайдалану мерзімі бойы тұрақты сипаттамаларды қамтамасыз етеді. Топтамада жеңіл автомобильдерге арналған, қондыру диаметрі 14-тен 19 дюймге дейінгі 23 үлгілік өлшем және жол талғамайтын көліктерге арналған SUV нұсқасында қондыру диаметрі 15-тен 20 дюймге дейінгі 22 үлгілік өлшем ұсынылған.
Жаңа топтаманың барлық модельдерінде протектордың қалдық тереңдігін көзбен бақылауға мүмкіндік беретін кіріктірілген тозу индикаторы бар: протектор тозған сайын сандар бірінен соң бірі өшіп, шинаның күйін көрсетеді. Қысқы модельдерде «қар ұшқыны» таңбалы қосымша индикатор қарастырылған. Оның өшіп кетуі қарлы немесе мұзды жолда шиналарды пайдалану қауіпті бола бастағанын ескертеді. Жазғы модельде шинаның аквапланингке төзімділігін жоғалтқанын көрсететін «тамшы» таңбалы индикатор бар.

Анықтамалық ақпарат
Tengri Tyres — Қазақстан Республикасы аумағындағы жалғыз шина зауыты. Оның өндірістік қуаты жылына жеңіл автомобильдерге арналған 3 миллион шина мен жүк көліктеріне арналған 500 мың шинаны құрайды. Өнімдер портфеліне жеңіл автомобильдерге, жол талғамайтын көліктерге және коммерциялық көліктерге арналған қысқы және жазғы шиналар, сондай-ақ тұтас металлокордты (ЦМК) жүк шиналары кіреді. Қазіргі уақытта кәсіпорында 900-ден астам адам жұмыс істейді.